Музыка
Сынып: 2
Сабақтың тақырыбы: Қорқыт
- Музыка тыңдау. Қорқыт «Ұшардың ұлуы»
- Ән айту. «Балалардың бақыты»
Музыкасын жазған Б. Әлімжан
Сөзін жазған С. Мәуленов
- Музыка сауаты. Октава.
Сабақтың мақсаты: Қобыз аспабының атасы Қорқытпен таныстыру. Өнер адамына құрмет сезімін тудыру. Музыкалық білімін, сауатын жетілдіру. Октава ұғымымен таныстыру. Ән айттыру, музыка тыңдаттыру арқылы музыка әлемінің кереметтерімен таныстыра отырып, адамгершілікке, адалдыққа, бауырмашылдыққа тәрбиелеу.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: тыңдату, үйрету, жаттықтырту, сұрақ-жауап, кубизм стратегиясы, тірек-сызбамен жұмыс, топтастыру, суретпен жұмыс, кері байланыс.
Пәнаралық байланыс: дүниетану, әдебиеттік оқу.
Көрнекілігі: суреттер, сызбалар, үнтаспа, кубиктер.
Барысы: 1) Ұйымдастыру кезеңі. /2-3 минут/
«Мен қандаймын?» ойыны. Ойынның мақсаты: оқушылардың жаңа сабаққа жағымды көңіл-күймен кірісуі. Ойынның шарты: әр оқушы өз есімдерінің бас әріпіне байланысты өздерін сипаттайды.
Мысалы: Дарынды Данияр.
Ақылды Айзада.
Зейінді Замира.
Алғыр Арайлым.
2) Үй тапсырмасын тексеру. /10-12 минут/ «Кубизм» әдісі арқылы үй тапсырмасын -тексеру.
1-кубик:
1) Құрманғазы кім? (ұлы күйші, күй атасы)
2) Құрманғазы қай жерде дүниеге келген? (Қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданындағы Жиделі деген жерде дүниеге келген)
3) Құрманғазы дүниеге келген жерді картадан көрсет.
4) Құрманғазының қандай күйлерін білесіңдер? («Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», «Серпер» т.б.)
5) Құрманғазының қандай күйін естідің? Күй тыңдау барысында не сезіндің?
6) Күй дегеніміз не? (қазақтың аспаптық музыкасы, халықтың музыкалық аспабына арналған шығарма)
2-кубик:
1) Күйші дегеніміз кім? (күйді орындаушы адам)
2) Күйші-композитор дегеніміз кім? (өз жанынан күй шығаратын, күйді орындаушы адам)
3) «Домбырасыз сән қайда» әнінің музыкасы мен сөзін жазғандар?
( Музыкасы: И. Нүсіпбаев. Сөзін: Х. Талғаров)
4) «Домбырасыз сән қайда» әнінде не жайлы айтылған? (домбыраның құдіреттілігі)
5) Құрманғазы қандай адам? (шыншыл, бірбеткей, өнерге жақын)
6) Құрманғазының талантты шәкірттерінің бірі? (Дина Нұрпейісова)
3) Жаңа сабаққа кіріспе. /1-3 минут/
- Суретте не бейнеленген?
- Суретке қандай тақырып қоюға болады?
- Суретке әңгіме құрастыр.
- Балалар, бұл суретте Қорқыт атамыздың «Ұшардың ұлуы» күйіндегі Ұшар мен қарт ананың бейнесі бейнеленген. Бүгінгі музыка сабағында Қорқыт және оның «Ұшардың ұлуы» атты күйімен танысамыз.
4) Жаңа сабақ. /20-25 минут/
Мәтінмен жұмыс.
Қорқыт – ұлы ойшыл, қобызшы, жырау. Қорқытты «қобыз аспабының атасы» деп атайды. Қорқыт туралы бүгінгі күнге дейін жетен аңыз, әңгімелер өте көп.
Күйлері: «Желмая», «Әуппай», «Ұшардың ұлуы», «Башпай», «Қорқыт» және басқалар.
Топтастыру әдісі.
- Осы күйлерінің ішіндегі «Ұшардың ұлуы» күйімен бүгін тыңдап, танысамыз.
Музыка тыңдау. Қорқыт «Ұшардың ұлуы» (үнтаспадан)
/Күйді тыңдағаннан кейінгі алған әсерлерін сұрау/
Мәтінмен жұмыс. Ұшардың ұлуы.
Ертеде бір кемпірдің жалғыз ұлы болыпты. Ол жасынан батыр, епті, мерген болып өседі. Оның күшік кезінен асыраған тазы иті бар екен. Жүйрік болғандықтан күшіктің атын Ұшар деп қояды. Бала Ұшарды ертіп аң аулап, құс салып, анасын асырайды.
Бірде бала кенеттен қатты ауырып, қайтыс болады. Кемпір жалғыз ұлын жерлеп, сол кездегі ырым бойынша басқа жаққа қоныс аударады. Ұлының иті Ұшарды өзімен бірге алып кетеді. Бір күні Ұшар ұшты-күйлі жоқ болып шығады. Шешесі баласы жерленген жеріне іздеп келсе, Ұшар иесін сағынып, ұлып отыр екен.
Осы аңызды естіген Қорқыт баба «Ұшардың ұлуы» атты күй шығарыпты.
- Оқулықтағы суретке қарап, суретпен жұмыс жасаймыз?
|
Не бейнеленген? |
Қазіргі заманмен салыстырғанда, не өзгерген? |
|
|
|
Ән айту. «Балалардың бақыты»
Музыкасын жазған Б. Әлімжан
Сөзін жазған С. Мәуленов
Аспан тұрса күлімдеп,
Айын биік орнатып,
Ақса бұлақ сылдырап –
Балаларға сол бақыт.
Қайырмасы:
Балаларға сол бақыт –
Аман болса әкесі,
Қатар өссе тәтесі,
Аман болса анасы,
Жүрсе алдында ағасы,
Болса байтақ даласы,
Балаларға сол бақыт!
Балаларға сол бақыт –
Болса Отаны аман-сау.
Басын бұлтқа бойлатып,
Тұрса асқақтап Алатау.
Қайырмасы:
Жапырағын жайнатып,
Әлдилесе бақша-бау.
Балаларға сол бақыт –
Жазғы орманда жақса алау.
/Оқушылардан әнді айтқандағы әсерлерін сұрау, дәптерлеріне жаздыру./
Музыка сауаты. Октава.
Нота дәптермен жұмыс.
Октаваның орналасуын жазу.
Октава
Музыкасын жазған Б. Әлімжан
«До»-дан бастап жазамыз,
Оған «ре»-ні қосамыз.
Бірігеді бізге «ми»,
«Фа»-ны сосын тосамыз.
Дәл бес сызық ортасын,
Қосады «соль» нотасы.
«Ля» мен «си» де қосылды,
Жеті нота түзілді.
Сұрақтар мен тапсырмалар.
- Бірінші октавадағы ноталарды атап шық. (до, ре, ми, фа, соль, ля, си)
- Әрбір нотаның орналасуын атап бер. (до – қосымша сызықта, ре – бірінші сызықтың астында, ми – бірінші сызықтың ортасында, фа – бір мен екінші сызықтың ортасында, соль – екінші сызықтың ортасында, ля – екі мен үшінші сызықтың ортасында, си – үшінші сызықтың ортасында)
- Елбаланың қоржынындағы октаваға кіретін ноталар жайлы қандай ертегі білесің?
Сабақты қорыту:
Үй тапсырмасын беру.
- Жаңа сабақты қайталау.
- «Қорқыт» жайлы қосымша материалдар іздеу.
Кері байланыс парағы.
- Бүгінгі сабақтан не үйрендіңдер?
- Саған сабақтың қай тұсы ұнады немесе ұнамады? Неліктен?
- Жаңа сабақ бойынша сұрағың немесе пікірің бар ма?
Бағалау. /Өзара, жұптық бағалау./