ҰЛТТЫҚ САЗ АСПАПТАРЫ
Қобыз
Қара қобыз - ерте заманнан аңыз болып халық арасында кеңінен таралған аспап. Қиғақты аспаптардың негізі - қобыздың пайда болуын ел аңызы атақты музыкант Қорқыттың (VІІІ ғасыр) есімімен байланыстырады. Қобызды емен, ұйеңкі, қарағаш сияқты ағаштың қатты түрлерінен жасайды. Оның беті ашық, түп жағына түйенің немесе ешкінің терісі тартылып, құлағын ырғайдан, тиегін ортекенің мүйізінен жасап, ысқышпен ойналады. Сыртын ақ түйенің сүтімен сылаған. Орындаушылар аспаптың дауысын күшейту үшін оның шынашағының ішіне, қысқа мойнына металл сылдырмақтар мен қоңырау тағатын болған.
Аңыздың айтуы бойынша, қобыздың қыл ішекті, таспа ішекті, жез ішекті түрлері болыпты. Қобыз аспабының екі ішектісімен қатар - үш, төрт ішекті түрлері болған. Қыл ішектіге жылқының құйрығының қылын талдап тағып, «қыл қобыз», таспа ішектіге нар түйенің қайысынан таспа ширатып тағып, «нар қобыз», жез ішектіге жезден ызып тағып, «жез қобыз» деп атаған. Осылай жасалуына қарай бұлардың үндері әрқилы болып келеді.
«Қобыздың ішегімен саусақтар жүгіріп өткенде, - деп жазады академик П.Паллас, - шығатын дыбысы аңқудың үніне ұқсайды, ал аспаптың мойыны да аққудың мойыны сияқты иіліп келеді».
Нарқобыздың салмағы 20 қадақ, қылқобыздың салмағы 15 қадаққа шейін болыпты.
Қобызды мойынға асып, не қанжығаға байлап жүруге ыңғайлы болуы үшін киізден қап жасаған. Ондай қап күн өткізбейді, ылғал сіңірмейді. Аспаптың ұзақ сақталуы осыған байланысты.
Қобызда бұрын бақсы-балгерлер де емдік мақсатта ойнаған. Олар аспаптың дыбысына, оны меңгеруге үлкен мән берген. Қорқыт атамыз:
Қара еменнің өзегін ойып алған қобызым,
Ақ түйенің сүтіне сылап алған қобызым.
Сырыңды ашып, үніңді сынап алған қобызым.
Құлақ астым сыбысқа, Ой толғадым дыбысқа.
Сырын түйіп түйсікке, Үн жинадым тынысқа, -
деп жазған.
Шертер
Шертер - ішекті-шертпелі аспаптарға жататын, беті терімен қапталып жасалатын, үш ішекті, шертіп ойнайтын көне аспап. Ішегі жылқы қылынан тағылғандықтан, ертеде ол «шертпе қыл» деп атаған. Осы нұсқасында ол қылқобызға ұқсас, алайда ол ыспалы емес, шертпелі аспап. Қазіргі кезде шертер ең көнесі (архаикалық) және дамыған нұсқасы деп бөлінеді.
Жетіген жайлы аңыз
Бұл өзі көне заманда болған екен. Қатыгез жұттан соң тігерге тұяғы қалмай, жеті ұлынан түгел айырылған күйші ақсақал үлкен тауқыметке душар болады. Үлкен ұлы Қаниядан айырылғанда, қайғылы көңілін жұбатпақ үшін кеспектің ішін ойып, оған қақпақ етерлік тері табылмаған соң, жалғыз ішек байлап, асықтан тиек орнатады да, «Қарағым» атты күй шығарады. Бұдан соң іле-шала өлген екінші ұлы Торалымға арнап екінші ішекті байлап, «Қанат сынар» күйін тартады. Ал үшінші ұлы Жиделі қайтыс болғанда, таяғына үшінші ішек тағып, «Құмарым» атты күй шығарады. Ал төртінші ұлы Бекенге «От сөнер», бесінші ұлы Хауасқа «Бақыт көшті», Гүлзарға «Күн тұтылды» күйлерін арнайды.
Соңғы ұлының қазасынан соң қайғы-шерден қабырғасы қайысқан қарт аспабына жетінші ішек тағып, «Жеті ұлымнан айырылып құса болдым» деген күй шертеді. Бұл шығармалар «Жетігінің жетеуі» деген атпен бізге жеткен, халық арасында көп тараған шығармалар. Қазіргі кезде жетіген аспабы көптеген ансамбльде ойналады.
Адырна
Адырна - қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан көп ішекті музыка аспабының бірі. Ежелгі заманда бұл аспапты аңшылар ұстаған. Садақ атып, жебе тартып, аң-құстарды аулаған. Әуелде адырна садақ пішінді болды. Кейін бұл аспапты бұғы, марал, арқар тұрпатты аңдардың тұлғасына ұқсастырып жасады. Әуелі ағаштан құрап шанақ, мүйіз жасалынып, шанақтың асты-үсті терімен қапталады. Мүйізге жағалай құлақтар бекітіліп, ішектер байланады. Сөйтіп, аспапты екі тізенің үстіне қойып, оң қол, сол қол саусақтарымен іліп тартып ойнайды.
Шаңқобыз
Шаңқобыз - бітімі бөлек, ойналуы ерекше, көне музыкалық аспап. Үні құлаққа жағымды, адам дауысына жақын. Аспапта ойнау ерін мен тістің арасындағы қуысқа тікелей байланысты. Ойнау кезінде орындаушы оң қолымен тілшенің ұшын шалып отырып, шапшаңдата дыбыстайды. Дыбысы тілшені қозғалысқа келтіргенде шығады. Аспапта жеке ән-күй орындап қана қоймай, басқа да көне музыка аспаптарымен бірге халық әуендерін сүйемелдеуге болады. Шаңқобыз аспабының құрылысы қарапайым, жұқа тақтайшадан жасалады.
Сазсырнай
Қазақтың үрмелі халық аспаптарының бір түрі - сазсырнай. Ол уілдеуіктер қатарына жатады. Уілдеуік үрмелі аспаптардың да бір тобы болып табылады. Аспаптардың бұл тобына жататындары: сазсырнай, қамыс сырнай. Дауыс бояуы ортақ болғанмен, бұл аспаптарды сыртқы құрылысы, ойнау тәсілдері арқылы бір-бірінен айырып алу қиын емес. Сазсырнай саз балшықтан күйдіріліп немесе ағаштан жұмыртқа тәріздес етіп жасалады. Оның бетіне өрнек ойылып салынады.
Сазсырнай ертеде кішкентай балалардың сүйіп ойнайтын аспабы болған. Бұл аспаптың бүйірінде орналасқан 3, 6 тесікті басып, үрлеу арқылы жан-жануар мен құстардың дауысын дәл келтіріп ойнаған. Қазіргі уақытта сазсырнай нәзік әуезімен, тек өзіне ғана тән үндік бояуымен қазақ музыка өнерінде кеңінен қолданылып, көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Көптеген оркестрлер мен көркемөнерпаздар ансамбльдері сазсырнайды кеңінен қолданады.
Үскірік
Үскірік - үрлеп ойнайтын аспаптардың көне түрі. Саусақпен басып дыбыс шығаратын үш тесігі бар. Сазбалшықтан күйдіріліп жасалады. Аспаптың дыбысы үскіріп соққан боран мен қатты желдің уіліне ұқсас болғандықтан - үскірік, кей жерлерде уілдек деп аталады.
Сыбызғы
Сыбызғы жасау қиын емес. Оны қурай, қамыс, ағаш, металл, пластмассадан да жасап алуға болады. Сыбызғының жіңішке, жуан, қысқа, ұзын болып сыртқы тұрқы ерекшеленіп отырған. Қурай немесе ағаштан жасалған сыбызғының үніне қарағанда, металдан жасалған сыбызғының үні қатаңдау келгенмен тазарақ шығады. Қурай мен ағаш сыбызғының үні сабырлы, баяу, қою. Ел арасына кең тараған сыбызғының түрі қурайдан немесе ағаштан жасалған. Оның ұзындығы 50-70 см болып келеді, сыбызғының түтікшесінің іші мұқият тегістеледі. Түп жағына 3-4 ойнау тесігі ойылады. Кейбір жетілдірілген сыбызғыда 12 тесікке дейін болады. Аспаптың дауысы жақсы шығу үшін, сыртына ұсақ малдың жіңішке ішегін кигізіп қаптап, ойнар алдында сыбызғышы түтікшенің ішін сулап отырады.
Сыбызғы ерекше жаттығуларды талап ететін аспап. Түтігінің жоғары аузын күрек тіске тақап, ерін мен тілдің көмегімен түтікке тербелген ауа толқыны белгілі бір қысыммен бағытталады. Осының нәтижесінде ызыңдаған үн шығады. Бұл үн тесіктер арқылы музыкалық жүйеге келтіріледі.
Ертеде сыбызғы атағы қазақ даласына кең тараған аспап болған. Оның бірнеше түрін Ш. Уәлиханов халық арасынан жинап, Петербург музейлеріне табыс еткен. Біздің заманымызда сыбызғы халық аспаптар ансамбльдері мен оркестрлерінде қолданылады.
Бұғышақ
Бұғышақ - сүйек пен мүйізден жасалатын аспап. Аспаптың дыбысы марал мен бұғы дауысына ұқсас болғандықтан, жайылып жүрген маралдарды бір жерге жинау үшін қолданылады. Аспаптың бұғышақ аталуы «бұғы шақырғыш», «бұғы сыбызғы» деген түсініктен туындаған.
Керней
Керней - сирек кездесетін аспап.
Керней тұтасымен металдан жасалады. Кернейге дыбыс ойықтары салынбайды, үрлеу арқылы дыбыс шығарылады.
Кернейдің жез металынан жасалатын үлгісінің жалпы ұзындығы 1 метр 50 см, ені 30-35 см болып жасалса, ағаштан жасалатын кернейдің ұзындығы 1 метр, шеңбер аумағы 20-25 см етіліп, сыртына түйе өңешін қаптап жасайды. Бұл - ағаштың жарылып кетпеуі үшін қолданылатын халықтың әдіс.
Асатаяқ
Асатаяқ - сілку арқылы үн шығаратын көне музыкалық аспап. Бұл аспаптың о заманда екі түрі болыпты. Біріншісін «Асатаяқ», екіншісін «Құтпатаяқ» деп атапты. «Асатаяқ» -«аса» және «сүйеніш» деген сөз ұғымдарынан құралған. Сыртқы көрінісінің өзі сиқырлы әсерге бөлейтін аспап. Аспаптың 1,5 м шығыршықты сүйеніш өзегі, оған орналасқан 3 не 6 қырлы сыртқы шыңылтыр жаңғағы, түрлі түсті моншақтардан шоқ түзіп тізбектелген сәкәүлі, домалақ дүңкілдеткіштері болады. Сопақ күмбезді асатаяқты ырғап, шайқап ойнайды.
Асатаяқты халық рухани саз аспабының ең қасиеттісі деп, қадірлеп ұстаған. Асатаяқты кез келген адамдар ұстамаған, сондықтан ел арасында сирек кездескен саз аспабының бірі болып саналады.
Дудыға
Дудыға ерте заманда батырлар ғана ұстаған саз аспабы.
Сегіз қырлы күмбезді, әрқайсысының ішіне бітеу сылдырмақтар қадалған, күмбездің сыртынан еменнен жасалған домалақ жарғақ қаққыштар тағылған, қондырғы өзегінің ұшар басы меруерт моншақ, лағыл-маржан, інжу және басқа асыл тастармен безендірілген, күмбез сүйегі әрқилы шыбықша кергіштерден құрастырылып, қондырғы өзегінің шығыршықты ұясына сұғыныстыра бекітіп, сыртын шала иленген көнмен қаптап, әшекеймен безендіріп шығаратын саз аспабын дудыға деп атаған.
Ду-дуға қосылды деген ұғымнан туындаған дудыға саз аспабы батырлардың дулы шайқасын күйге түсірген.
Эпоста:
Дудыға сілкіп қағайын,
Дұшпанға орай салайын,
Ырық бермес бұзықтың,
Басын қағып алайын, - делінген жыр жолдары бар.
Даңғыра
Ұрмалы аспаптардың тағы бір түріне даңғыра жатады. Даңғыра дабылға ұқсас келеді, айырмашылығы сол, көн терімен ағаш шеңбердің тек бір ғана беті қапталады да, екінші жағы қуыс болады. Сол қуыс жағындағы шеңбердің ішкі жиегіне әр түрлі металл сылдырмақтар, теңгелер ілінеді. Сондықтан дабылға қарағанда даңғыраның дауысы қаңғырлақ, тарсылы ащы болып шығады.
Даңғыра тектес аспап Азия халықтарының көпшілігіне ортақ. Олар тұрпаты жағынан әртүрлі болғанмен, атаулары үндес. Оны қырғыздар туа, хақастар дүңгір /дюнгюр/ деп, өзбектер дойра, үйғырлар дап, моңғолдар дунгурга, чуваштар хангарама деп атайды.
Даңғыраны ғасырлар бойы абыздар мен бақсылар пайдаланып келеді. Сондықтан да даңғыраның бетіне әртүрлі нанымдық суреттер салынатын. Күні бүгінге дейін даңғыраның ұлттық ою-өрнекпен көркемделуі де осы көне әдеттен қалса керек. Қазақтың республикалық саз аспаптары музейінде сақтаулы тұрған көне даңғыраның бетінің диаметрі - 35 см, биіктігі - 5 см.
Даңғыраны белгілі шебер Дәркембай Шоқпарұлы жасаған.
Дауылпаз
Адам баласының ең алғаш ұрып ойнайтын аспапты ойлап табуы, ұрғылай тоқпақтаған кезде үн шығаратын аспап жасау қиынға түсе қоймаған. Ол үшін кез келген өзегі шірік, отқа күйген қуыс ағаштың кесіндісі мен таяқша жарап жатыр. Ұрмалы саз аспаптарын әртүрлі заттардан: сырты жұмыр бітеу ағаштан, сүйектен, металдан, тұяқтан, мал терісінен жасай береді. Ұрмалы аспап әуелі адамдардың күнделікті күнкөріс мұқтаждығын өтеу үшін қажет болған. Ертеде аңшылық, саятшылың, қүсбегілік салт-дәстүрлерде қолданылған жабайы ұрмалы аспап бірте-бірте сазды аспапқа айналады. Кейінірек, қоғамдық тұрмыс күрделене келе, ұрмалы аспаптардың үні арқылы адам баласы жан дүниесіндегі қуанышын да, күйзелісін де білдіре алатындай деңгейге жеткен. Осы аспаптардың ырғағына беріліп адамдар өн айтқан, еңбек еткен, биге еліктеген, жаулармен сайысқа түскен.
Ұрмалы саз аспаптар соғыс кезінде де пайдаланылған.
Ұрмалы ұлттық аспаптар туралы деректер қазақтың батырлық жырларында да кездеседі. Ұрмалы аспаптарды жаугершілік заманда қатер, қауіпті білдіру үшін қолданған. Ұрмалы аспаптар саятшыларға да, малшыларға да жәрдемші болған.
Халқымыздың ұлттық саз аспаптар қорында ұрмалы аспап түрлері көп. Олардың әрқайсысының өз орны, атқаратын қызметі бар. Ұлттық аспаптардың музыка әлемінде де алатын орны ерекше. Ұрмалы аспаптарсыз бірде-бір ансамбль иә болмаса оркестр болмайды.
Дабыл
Дабыл - ұрып ойнайтын аспап. Оның екі жағы да терімен қапталады. Теріні керіп түру үшін құлақшалар жасалады. Дабылды саусақпен немесе арнайы жасалатын басы жұмыр шағын таяқшамен ұрып ойнайды. Дабылдың үні (дыбысы) - терінің жұқа немесе қалыңдығына, терінің қатты немесе орташа керілуіне және арнайы жасалған қорапта сақталуына байланысты болып келеді. Дабылдың шанағы тал, қайың, тораңғы секілді иілуге көнетін ағаштардан жасалады.